Әкімдердің сайттары әлі оңбай тҰр
Әкімдердің сайттары әлі оңбай тҰр
Әу бастан «kz» доменінде тіркелген соң, Қазақстанның ұлттық брендіне айналуы тиіс мемлекеттік сайттар қазірше өзінің «мемлекетшілдігімен» мақтана алмайтын сияқты. Олай дейтініміз, көбіне-көп айқара беті «Сәлем бердік» деп мемлекеттік тілде емес, «Здрасте» деп орысша ашылып жүрген сайттарды көріп, бұлардың неліктен «ru» доменінде бірден тіркеле салмағанына таңырқайсың.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Электронды Үкімет» бағдарламасын дамытуға қатысты елімізде әрқилы іс-шаралар атқарылып жатқандай көрінеді сырт көзге. Дегенмен науқаншылдықпен айналысып жүрген органдар да жоқ емес. Бұлбағдарлама қазақ интернетін дамытумен қатар, қарапайым халықтың жергілікті әкім-қаралар, министрлермен үнемі онлайн байланысында болуын қамтамасыз етуі керек-тін. Бірақ қазірше нәтиже шамалы. Сайттардың аты бар да, заты жоқ.
Бұдан бұрын да біз «Айқын» газетінің беттерінде Қазақстанда тіркелген саяси партиялар мен Үкіметке қарасты министрліктердің сайттарын сараптап, олардың тілге қатысты ұстанымына «қанағаттанарлық баға» берген едік. Енді, міне, кезек жергілікті органдардың сайттарына келіп жетті. Біздің таңырқағанымыз, интернет әлемінен орын алған жергілікті әкімдіктердің интернет сайттары тек қана оңтүстік-солтүстік, батыс-шығыс аймақтарына қарай бірнеше тілге бөлініп қоймай, екі түрлі мемлекетте өмір сүріп жатқандай әсер етеді екен. Оңтүстіктегі облыстардың сайттары мемлекеттік тіл – қазақ тілінде бетін ашса, солтүстік облыстардың сайттары айқара бетін көбіне-көп орысша ашады. Сірә, олар Ресейге жақын маңайда орналасқан соң, облыстарының мемлекеттік тілі – орыс тілі деп ойлап қалған шығар. Содан болар, еліміздің астанасы – Астананың, Ақмола облысының, Солтүстік Қазақстан облысының, тіпті еліміздің бас қаласы – Алматының ресми сайттарының «бісмілләсі» – орысша. Соған қарағанда, солтүстіктен дендеп келе жатқан ресми тіл оңтүстік-шығыс аймақтарға да енуге талпынып жатқандай. Ал Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарының ресми сайттары шымылдығын қазақша ашады. Үштілділікті қолдап, ағылшынша нұсқасын да айқара бетіне ұсынған сайттарға Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстық әкімшіліктерінің веб-порталдары жатады. Негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болған соң, басымдық осы тілге беріліп, күллі сайттар айқара бетін мемлекеттік тілде ашуы керек. Ал ақпаратты орысша не ағылшынша оқығысы келетіндердің де таңдау құқы болады. Бірақ өзге тілдік нұсқалар қазақша беттелген сайттың айқара бетінен табылуы тиіс. Біз отандық сайттардың бәріне де Үкіметтің ресми сайты арқылы кірдік. Сондықтан тиісті сайттарға дұрыс емес сілтемелер жасалса, оны Үкіметтің программистерінен сұраңыз.
www.astana.kz Астана қаласының сайты әу дегенде шымылдығын орысша ашты. Бір бүйірде «каз» және «eng» деген сілтемелер тұр. Яғни мемлекеттік тілде ақпарат алғыңыз келсе, алдымен орысшасының батасын аласыз. Орысшасының айқара бетінде көпұлтты саясаттың белгісіндей «В Астане проживают представители более 100 национальностей» деп айқайлап тұр. Астананың www.capіtal.kz деген нұсқасы мүлдем ашылмай қойды.
www.almaty.kz Бас қаламыз Алматының ресми сайты күнделікті болмаса да, күнара жаңартылып тұратындай. Дизайны жақсы. Бірақ айқара беті ресми тілде шүлдірлейді.
www.akmo.kz Ақмола облыстық әкімшілігінің порталы облыстық әкім А.П.Раудың сәлемдемесімен ашылады. Суретінде жымиып отырған әкімнің веб-порталынан, өкінішке қарай, қазақша бір ауыз сөз таба алмадық. Тіпті сайттың қазақша нұсқасына сілтеме таба алмай қынжылдық. Алғы сөзінде «Рад приветствовать вас на сайте акима Акмолинской области, который является частью проекта «электронное правительство» в Республике Казахстан» деген әкімнің ресми сайтында өзі айтып отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін елемегенін «әкімдікке» жата ма деп тағы қынжылдық.
www.akto.kz Ақтөбе облыстық әкімшілігінің сайтын бірнеше күн бойы ашуға тырыстық. Бірақ жүзін көрсетуге ұялды ма, әйтеуір, «ұялшақ» сайтымыз бетін ашпады.
www.western.kz Үштілділікті тұғыр еткен Батыс Қазақстан облысының ресми сайты біртекті безендірілген. Жаңалықтар жергілікті газеттерден алынып, жылдам беріліп отырады екен.
www.kostanay.kz Қостанай облысының сайты да үштілді. Бірақ сайттың қазақша нұсқасынан гөрі орысшасы жедел беттеледі, оперативтілігі жоғары. Қазақшасына жаңалықтар соңғы рет 20 мамыр мен 27 мамыр күндері, яғни арасына жеті күн салып берілсе, орысшасы 20, 21, 22, 23, 26, 27 мамыр күндері жаңартылған. Қайтесіз, «қазақшасының болғанына да рахмет айтыңыз» деп отырғандай бұлар…
www.sko.kz Солтүстік Қазақстан облысының сайты бұрынғы мекен-жайынан көшіп кетіп, арттарынан орысша хабарлама тастап кетіпті. Хабарлама бойынша веб-порталды таптық, бірақ қазақшасын табу үшін біраз ізденуге тура келді. Сөйтсек, «каз» деген сілтеме сайттың төбесінде кішкентай әріптермен жазылып қойыпты. Төрде жыпылықтап сурет тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-президент Владимир Путиннің қол алысып тұрған сәті. Мәтіні – «Дружба на века». Ресейге жаңа президент келген соң, суретті оперативті түрде ауыстырып, Путиннің орнына Медведевті қою «политкорректность» деген ұғымға сай келмей ме? Сайттың қазақшасы орысшасынан кештеу жаңартылатын сияқты.
www.kyzylorda.kz Қызылорда облыстық әкімшілігінің сайты айқара бетін үш тілдегі нұсқасымен ашады. Қазақшасын таңдасаңыз, жаңалықтардың ара-арасында ғана жаңартылып тұратынын байқайсыз. Орысшасын таңдасаңыз, асып бара жатпаса да, сәл де болса хабар таратуда жеделдік барын көресіз.
www.karaganda-regіon.kz Бір қызығы, Қарағанды облысы әкімшілігінің сайтын ашсаңыз, Үкіметтің сайтына қайтадан тап боласыз. Сонда сайттың өзі кіммен тығылмақ ойнап жүр?
www.uko.kz Астапыралла, Қазақстан Республикасында айқара бетін қазақша ашатын да сайт бар екен-ау! Бұл нонсенс! Оңтүстік Қазақстан облысының сайты бетін мемлекеттік тілде ашса да, жеделдігімен ерекшеленбейді. «Үкіметтің іс-қимылын Халықаралық валюта қоры бағалады» деген соңғы жаңалық мамырдың 4-і күні беріліпті.
www.pavlodar.gov.kz Павлодар облысының ресми сайты да сізге үш тілді ұсынып, таңдау құқын береді. Сайт мүмкіндігінше оперативті. Тіл саясатына қатысты барынша мол ақпарат берілген. «Ана тілі» орталығы, «Тіл жанашыры» форумы, «Біріктіру тілі – қазақ тілі» сияқты іс-шаралар барысы жайлы осы сайттан оқи аласыз.
www.zhambyl.kz Жамбыл облыстық әкімдігінің сайты да «ұялшақ» екен. Бірнеше күн бойы жүзін көрсетпей, бетін ашпады. Бұл да болса мемлекеттік сайт үшін үлкен сын.
www.akіmvko.kz Айқара бетін мемлекеттік тілде ашқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің сайты барынша жедел ақпарат таратуға тырысатын сияқты. Дегенмен таяуда тараған ақпарда: «Жыл сайын мамырдың 24-інде славян жазуының және мәдениет күні аталып өткізіледі. Орыс тілі Қазақстанда ұлтаралық тіл болғандықтан, Қазақстан үшін бұл өте ұлы және маңызды мереке» деп жазылған. Иә, Қазақстан үшін орыс тілінің «ұлы» екенін жергілікті органдардың сайтынан-ақ көрдік қой.
www.atyrauobl.kz Атырау облысының ресми сайты да жоғарыда айтылған кейбір әріптестері сияқты жүзін көрсетпейді. «Сервер не найден» – ресми жауап осы.
www.mangystau.kz Маңғыстау облысы әкімдігінің ресми сайты қостілді. Жаңалықтар жылдам жаңартылып тұрады. Бұл да болса республикалық ақпарат агенттіктерінің арқасында.
Түйін
Жергілікті атқарушы органдардың сайттары ұлттық саясаттан гөрі көпұлтты саясатты көбірек дәріптейтін сияқты. Астанада 100 ұлыс өкілі тұрса, Шығыс Қазақстанда – 105, Маңғыстауда – 80 ұлт өкілі тұратынын жергілікті сайттар мақтанышпен жазып-ақ жүр. Бұл ұлтты біріктіруге емес, бөлуге әкелетін саясат емес пе? Бәріне тән тағы бір нәрсе, сайттың қазақша нұсқаларының ақсаңдап, орысшасынан да артта келе жатқаны. Қазақша сайттар ақпаратты жедел таратпайды. Көбісі – орысшасының шала көшірмесі. Қазірше «Электронды Үкімет» бағдарламасының барысы осындай…