Archive for Мамыр 30, 2008

Әкімдердің сайттары әлі оңбай тҰр

Әкімдердің сайттары әлі оңбай тҰр

Әу бастан «kz» доменінде тіркелген соң, Қазақстанның ұлттық брендіне айналуы тиіс мемлекеттік сайттар қазірше өзінің «мемлекетшілдігімен» мақтана алмайтын сияқты. Олай дейтініміз, көбіне-көп айқара беті «Сәлем бердік» деп мемлекеттік тілде емес, «Здрасте» деп орысша ашылып жүрген сайттарды көріп, бұлардың неліктен «ru» доменінде бірден тіркеле салмағанына таңырқайсың.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Электронды Үкімет» бағдарламасын дамытуға қатысты елімізде әрқилы іс-шаралар атқарылып жатқандай көрі­не­ді сырт көзге. Дегенмен науқан­шыл­дықпен айналысып жүрген органдар да жоқ емес. Бұлбағдарлама қазақ ин­тернетін дамытумен қатар, қарапайым халықтың жергілікті әкім-қаралар, министрлермен үнемі онлайн байланы­сында болуын қамтамасыз етуі керек-тін. Бірақ қазірше нәтиже шамалы. Сайттардың аты бар да, заты жоқ.
Бұдан бұрын да біз «Айқын» га­зеті­нің беттерінде Қазақстанда тіркелген саяси партиялар мен Үкіметке қарасты министрліктердің сайттарын сараптап, олардың тілге қатысты ұстанымына «қанағаттанарлық баға» берген едік. Енді, міне, кезек жергілікті органдардың сайттарына келіп жетті. Біздің таңыр­қағанымыз, интернет әлемінен орын алған жергілікті әкімдіктердің интернет сайттары тек қана оңтүстік-солтүстік, батыс-шығыс аймақтарына қарай бір­неше тілге бөлініп қоймай, екі түрлі мем­лекетте өмір сүріп жатқандай әсер етеді екен. Оңтүстіктегі облыстардың сайттары мемлекеттік тіл – қазақ тілін­де бетін ашса, солтүстік облыстардың сайттары айқара бетін көбіне-көп орысша ашады. Сірә, олар Ресейге жа­қын маңайда орналасқан соң, облыс­та­рының мемлекеттік тілі – орыс тілі деп ойлап қалған шығар. Содан болар, еліміздің астанасы – Астананың, Ақмо­ла облысының, Солтүстік Қазақстан об­лысының, тіпті еліміздің бас қала­сы – Алматының ресми сайттарының «біс­міл­ләсі» – орысша. Соған қарағанда, солтүстіктен дендеп келе жатқан ресми тіл оңтүстік-шығыс аймақтарға да ену­ге талпынып жатқандай. Ал Оңтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан об­лыстарының ресми сайттары шымыл­ды­ғын қазақша ашады. Үштілділікті қолдап, ағылшынша нұсқасын да ай­қа­ра бетіне ұсынған сайттарға Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Қос­танай облыстық әкімшіліктерінің веб-порталдары жатады. Негізінен, Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік ті­лі – қазақ тілі болған соң, басымдық осы тілге беріліп, күллі сайттар айқара бетін мемлекеттік тілде ашуы керек. Ал ақпаратты орысша не ағылшынша оқы­ғысы келетіндердің де таңдау құқы болады. Бірақ өзге тілдік нұсқалар қазақ­ша беттелген сайттың айқара бетінен табылуы тиіс. Біз отандық сайттардың бәріне де Үкіметтің ресми сайты арқы­лы кірдік. Сондықтан тиісті сайттарға дұрыс емес сілтемелер жа­салса, оны Үкіметтің программис­тері­нен сұра­ңыз.
www.astana.kz Астана қаласының сайты әу дегенде шымылдығын орыс­ша ашты. Бір бүйірде «каз» және «eng» деген сілтемелер тұр. Яғни мемлекеттік тілде ақпарат алғыңыз келсе, алдымен орысшасының батасын аласыз. Орыс­шасының айқара бетінде көпұлтты саясаттың белгісіндей «В Астане про­живают представители более 100 на­циональностей» деп айқайлап тұр. Ас­та­на­ның www.capіtal.kz деген нұс­қасы мүлдем ашылмай қойды.
www.almaty.kz Бас қаламыз Алма­ты­ның ресми сайты күнделікті болмаса да, күнара жаңартылып тұратындай. Дизайны жақсы. Бірақ айқара беті ресми тілде шүлдірлейді.
www.akmo.kz Ақмола облыстық әкім­шілігінің порталы облыстық әкім А.П.Раудың сәлемдемесімен ашылады. Суретінде жымиып отырған әкімнің веб-порталынан, өкінішке қарай, қа­зақша бір ауыз сөз таба алмадық. Тіпті сайттың қазақша нұсқасына сілтеме таба алмай қынжылдық. Алғы сөзінде «Рад приветствовать вас на сайте акима Акмолинской области, который является частью проекта «электронное правительство» в Республике Казах­стан» деген әкімнің ресми сайтында өзі айтып отырған Қазақстан Республика­сының мемлекеттік тілін елемегенін «әкімдікке» жата ма деп тағы қын­жыл­дық.
www.akto.kz Ақтөбе облыстық әкімшілігінің сайтын бірнеше күн бойы ашуға тырыстық. Бірақ жүзін көрсе­туге ұялды ма, әйтеуір, «ұялшақ» сай­тымыз бетін ашпады.
www.western.kz Үштілділікті тұғыр еткен Батыс Қазақстан облысының ресми сайты біртекті безендірілген. Жаңалықтар жергілікті газеттерден алынып, жылдам беріліп отырады екен.
www.kostanay.kz Қостанай облысы­ның сайты да үштілді. Бірақ сайттың қазақша нұсқасынан гөрі орысшасы жедел беттеледі, оперативтілігі жоғары. Қазақшасына жаңалықтар соңғы рет 20 мамыр мен 27 мамыр күндері, яғни арасына жеті күн салып берілсе, орысшасы 20, 21, 22, 23, 26, 27 мамыр күндері жаңартылған. Қайтесіз, «қа­зақ­шасының болғанына да рахмет айты­ңыз» деп отырғандай бұлар…
www.sko.kz Солтүстік Қазақстан облысының сайты бұрынғы мекен-жайынан көшіп кетіп, арттарынан орысша хабарлама тастап кетіпті. Ха­барлама бойынша веб-порталды тап­тық, бірақ қазақшасын табу үшін біраз ізденуге тура келді. Сөйтсек, «каз» деген сілтеме сайттың төбесінде кіш­кентай әріптермен жазылып қойыпты. Төрде жыпылықтап сурет тұр. Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев пен экс-президент Владимир Путиннің қол алысып тұрған сәті. Мәтіні – «Дружба на века». Ресейге жаңа президент кел­ген соң, суретті оперативті түрде ауыс­тырып, Путиннің орнына Медведевті қою «политкорректность» деген ұғымға сай келмей ме? Сайттың қазақшасы орысшасынан кештеу жаңартылатын сияқты.
www.kyzylorda.kz Қызылорда облыс­тық әкімшілігінің сайты айқара бетін үш тілдегі нұсқасымен ашады. Қазақ­шасын таңдасаңыз, жаңалық­тар­дың ара-арасында ғана жаңарты­лып тұра­ты­нын байқайсыз. Орысша­сын таңда­са­ңыз, асып бара жатпаса да, сәл де болса хабар таратуда жеделдік барын көресіз.
www.karaganda-regіon.kz Бір қызы­ғы, Қарағанды облысы әкімшілігінің сайтын ашсаңыз, Үкіметтің сайтына қайтадан тап боласыз. Сонда сайттың өзі кіммен тығылмақ ойнап жүр?
www.uko.kz Астапыралла, Қазақ­стан Республикасында айқара бетін қазақша ашатын да сайт бар екен-ау! Бұл нонсенс! Оңтүстік Қазақстан об­лысының сайты бетін мемлекеттік тілде ашса да, жеделдігімен ерекшеленбейді. «Үкіметтің іс-қимылын Халықаралық валюта қоры бағалады» деген соңғы жаңалық мамырдың 4-і күні беріліпті.
www.pavlodar.gov.kz Павлодар облысының ресми сайты да сізге үш тілді ұсынып, таңдау құқын береді. Сайт мүмкіндігінше оперативті. Тіл саясатына қатысты барынша мол ақпарат берілген. «Ана тілі» орталығы, «Тіл жанашыры» форумы, «Біріктіру тілі – қазақ тілі» сияқты іс-шаралар ба­рысы жайлы осы сайттан оқи аласыз.
www.zhambyl.kz Жамбыл облыстық әкімдігінің сайты да «ұялшақ» екен. Бірнеше күн бойы жүзін көрсетпей, бе­тін ашпады. Бұл да болса мемлекет­тік сайт үшін үлкен сын.
www.akіmvko.kz Айқара бетін мем­лекеттік тілде ашқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің сайты барынша же­дел ақпарат таратуға тырысатын сияқ­ты. Дегенмен таяуда тараған ақпарда: «Жыл сайын мамырдың 24-інде славян жазуының және мәдениет күні аталып өткізіледі. Орыс тілі Қазақстанда ұлт­аралық тіл болғандықтан, Қазақстан үшін бұл өте ұлы және маңызды мере­ке» деп жазылған. Иә, Қазақстан үшін орыс тілінің «ұлы» екенін жергілікті органдардың сайтынан-ақ көрдік қой.
www.atyrauobl.kz Атырау облысы­ның ресми сайты да жоғарыда айтыл­ған кейбір әріптестері сияқты жүзін көрсетпейді. «Сервер не найден» – ресми жауап осы.
www.mangystau.kz Маңғыстау об­лысы әкімдігінің ресми сайты қостілді. Жаңалықтар жылдам жаңартылып тұрады. Бұл да болса республикалық ақпарат агенттіктерінің арқасында.

Түйін
Жергілікті атқарушы органдардың сайттары ұлттық саясаттан гөрі көпұлтты саясатты көбірек дәріптейтін сияқты. Астанада 100 ұлыс өкілі тұрса, Шығыс Қазақстанда – 105, Маңғыстауда – 80 ұлт өкілі тұратынын жергілікті сайттар мақтанышпен жазып-ақ жүр. Бұл ұлтты біріктіруге емес, бөлуге әкелетін саясат емес пе? Бәріне тән тағы бір нәрсе, сайттың қазақша нұсқаларының ақсаңдап, орысшасынан да артта келе жатқаны. Қазақша сайттар ақпаратты жедел таратпайды. Көбісі – орысшасының шала көшірмесі. Қазірше «Электронды Үкімет» бағдарламасының барысы осындай…

Пікірлер