Қай бір күні темір жол бекетінде жолаушылардың жүктерін таласа-тармаса, жарыса-жамыраса тасып жүрген өрімдей жас жігіттерге қарап ойланып қалдым… Осы бізде қазір жаңа заманның жаңа технологиясын меңгерген жаңа жастарымыз бар ма?
Әлемдегі болып жатқан тарихи, экономикалық өзгерістерге көз жүгіртсеңіз, оның барлығы да озық технологиялардағы даму құбылыстарына тән екенін байқайсыз. Ал, енді технологиялық даму сатысының жоғарғы деңгейіндегі елдердегі кәсіби салалардағы жаңалықтар көп жағдайда ақпараттық технологияларды пайдаланумен байланысты екенін де білеміз. Алғашында тек математика мен кейбір жаратылыстанушы ғылымдарда ғана пайдаланылып келген информатика ( немесе компьютерлік ілім) осы күнде баршаға таныс. Жаңа Ақпараттық технологиялардың (АТ) негізі де сол информатикамен тығыз байланысты. Тіпті, кейде ол күнделікті қолданылатын құрал болып бара жатыр деп те айтылып жүр. Әрине, көптеген жаңалықтарды адамзат тұрмыс тіршілікті жеңілдету мақсатында ойлап табатыны сөзсіз. Шындығында, әуел бастан есептегіш машина күрделі математикалық өрнектерді шығаруды автоматтандыру арқылы жеңілдететін құрал ретінде кеңінен пайдаланылды. Сонау Паскаль арифмометрінен бастап таратылатын оның тарихы да көбімізге кеңінен аян.
Кейіннен осы бір сала ғылыми көзқарастардың тұрақты нысанасына айнала бастады. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың ортасында тұжырымдалған фон Нейманның “ашық жүйе” негіздері компьютерлік теорияны әрі практиканы дамытуға айрықша әсер етті. Есептегіш қондырғыларды жасау мен жетілдіруге кәсіптенген ІBM (Іnternatіonal Busіness Mashіne corporatіon), SUN Mіcrosystems секілді ірі компаниялар сол кезде негіз ала бастады. Ал, енді сол есептегіш машиналарды пайдалана отырып, күрделі мәселелер шешу үшін ойлап табылған тәсілдер(алгоритмдер) мен оларды машинаға түсіндіріп, орындататын бағдарламалардың осы күнде сан-алуан түрі пайда болған. Осы уақытта негізгі операциялық жүйелік (ОЖ) бағдарламалар жасайтын алпауыт фирмалар санына Mіcrosoft, ІBM, Hewlett Paccard (HP) т.т. кіреді. Нақты ақпараттық берілген мәндерді өңдеп пайдалануға әрі статистикалық, талдамалық тұжырымдар жасауға арналған бағдарламалық құралдарды, яғни aқпараттар базасын басқару жүйесін (АББЖ, engl.: DBMS) шығаратын Oracle, Sybase т.т. бар. Кейінгі кездерде басты талдамалық басқару жұмыстарын жеңілдететін әрі басшылардың шешім қабылдауын автоматтандыруға арналған ақпараттық мәндер қоймасы (АҚ, engl.: DWH) деген атпен белгілі технология кеңінен қолданылуда.
Соңғы уақытта құлаққа жиі естіле бастаған “электронды үкімет” турасында айтар болсақ, ол халық тұтынатын мемлекеттік қызмет түрлерін жаппай автоматтандыру, ақпараттандыру екені түсінікті. Жаппай ақпараттандыру дегенде біз тек қана мемлекеттік органдар мен қаржылық институттар емес, өндірістік сала мен мәдениет, білім беру жүйелерін де, оған қоса жеке шаруашылықтарды да бір ақпараттық инфрақұрылымдарға қамту деп түсінуіміз қажет. Ал, сол ақпараттар абоненттерге (яки, тұтынушыға) тез арада жете қою үшін жоғары жылдамдыққа ие байланыс түрі керек. Мұндай байланысты қамтамасыз етуге арнайы қондырғы мен талшықты-оптикалық желі немесе жасанды серіктер арқылы жасалатын байланыс жабдықтары керек екені туралы да ескерген жөн. Мұндай инфрақұрылымдық жобаларды қамтамасыз ететін арнайы қондырғылар жасайтын дүние жүзіне аты мәшһүр Cіsco, Alcatel, Sіemens секілді көптеген компаниялар бар.
Осы күндері АТ-қа байланысты небір жаргондар пайда болған. Мысалы, компьютерлік бағдарлама “жұмсақ”(soft), ал есептегіш қондырғылар “қатты” (нard) деп аталып кеткен. Мақаламызға арқау болып отырған тақырып та осы сөздердің қатарында жиі қолданылады. Шынында да, орысша қысқарған сөз “ИТ – Информационные технологии”, яғни, “Ақпараттық технологияларды” білдірсе, ал “темір” сөз жалпы компьютерлік қондырғылардың орысша “железо” атауынан шыққан сөз (Бәрімізге таныс мәтелді “астыртын мағынада” қолдануымды оқырман қауым түсінер деп ойлаймын… )
Міне, өздеріңіз байқап отырғандай, ақпараттық технологиялар дамуы түрлі сатыдан өтуде. Әрине, бұл көшке елдің бәрі бірдей біркелкі ілесе алмайтындығы белгілі. Сол себепті кейінгі кезде әлемде “сандық теңсіздік” деген ұғым қалыптасты. Бұл мәселені реттеу үшін дүние жүзінде түрлі ұсыныстар жасалуда, әдістер қолданылуда. Мысалы, жаңа технологияларды қолдануда алдыңғы қатарда саналатын Корея ақпараттық технологияларға бай және кедей елдердің, дамыған және артта қалған елдердің қол жеткізуінің теңсіздігін жою мақсатында БҰҰ-мен бірлесе отырып, АТ-жаттығу орталығын ашуда.
Қазақстанның да ақпараттық технологиялар жаңалығын енгізуде атқарып жатқан шаруасы жоқ емес. Десе де, осындағы бір ескеретін жайлар бар.
Біріншіден, ол – қазақ жастарының заманға сай технологияларды меңгеру деңгейі қай дәрежеде деген мәселе.
Екіншіден, жалпы азаматтық қоғамымызда мәдени, ғылыми және іскерлік ортаның жаңа технологияға бетбұрысы артуда ма деген сұрақ.
Алдымен біздің елге жаңа технологиялар қалай еніп жатқанына тоқталайық.
Алғашқы жергілікті тұрақты компьютерлік фирмалар мен серіктестіктер 1990-шы жылдарда пайда болды. Олардың дені сол кезде ТМД-да кең тараған Dbase2, FoxPro АББЖ-мен шұғылданатын топтар негізінде құрылған-ды. Басты “кейіпкерлері” қолданбалы математика мамандары болып келетін олар бухгалтерия есептерін, құжаттар айналымын реттеуді автоматтандыруға көбірек көңіл қойды. Бағдарламалық қамдауды (БҚ, engl.: Software) орнататын аз-кемді техникалық қондырғыларды (ТҚ, engl.: Hardware) да тапсырыс берушілерге өздері алып беретін. Әлі ақпараттандырудағы стандарттар мен жалпы ережелердің ауылы алыстау секілді болатын. Дегенмен, біртіндеп БҚ мен ТҚ қоюмен шұғылданатын фирмалар ажыратыла бастады. Яғни, кәсіби бөліну басталды деген сөз. Әлемдегі белсенді ТҚ мен БҚ шығарып қоюмен айналысатын фирмалар осы сәтті күткен секілді болатын. Сөйтіп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында елімізге шетелдік алпауыт компаниялардың өкілдері ене бастады. Олар жергілікті өкілеттіктер ашып, немесе Мәскеудегі өкілеттіктерінің арқасында біздегі рынокты, автоматтандыруға деген сұранысты зерттей бастады. Қазақстандағы даму қарқындары жоғары банктер бірден олардың стратегиялық тапсырыс берушілеріне айналды. Келесі лекке ұлттық компаниялар мен ірі министрліктер кірді. Бұл қатардағыларға ең сұраныс тапқан БҚ – автоматтандырылған құжат айналымы (АҚА) мен бухгалтерия (АБЕ-автоматтандырылған бухгалтериялық есеп) енгізу болып табылды. Әрине, жоғары оқу орындары да шетелдіктердің назарынан тыс қалған жоқ. Оларға автоматтандырылған оқу ісін жүргізумен бірге кейбір пәндердің автоматтандырылған зертханалық жұмыстары ішінара таратылды. Осылайша елімізде Lotus Notes (Lotus Domіno), 1C және басқа да кешенді бағдарламалық қамдаулар пайда болды. Бір айта кететін жәйт, осы екі БҚ АҚШ (ІBM ) пен Ресей (1С) компанияларына тиесілі екендігі. Кәсіпорындарды автоматтандырудың келесі белесі біріктірілген ақпараттық жүйелерді (БАЖ , engl.: ERP- enterprіce resource plannіng) енгізумен байланысты. Бұған себеп — ұжымдардағы мамандарды іріктеу, тәркілеу бағдарламаларының (ЭМТ, электронды түрде мамандарды тәркілеу жүйесі) АБЕ БҚ-дағы “жалақы төлеумен” байланыста болу қажеттілігі, негізгі салалық жұмыстың экономикалық көрсеткіштерінің бұлармен әрі логистикалық ақпараттық жүйемен сәйкестендірілуі, т.б. Бұл бағытта машықтанған германиялық SAP AG компаниясының SAP R/3, америкалық BAAN, JD Edwards, People soft фирмаларының өнімдерін сату үшін Қазақстанға өкілдер келді. Жергілікті өкілеттіктер ашыла бастады. Олардың діттеген мақсаттары қаржылық мүмкіндігі жоғары ұлттық компанияларға өз өнімдерін сату болды. Біртіндеп елімізде ERP-жүйелер “сатқыш” фирмалар пайда бола бастады. Әу бастан ақпараттық технологияны меңгеруге құлық танытпаған қазақ жастары қаржылық қызметтен шет қалды. Бертін келе қазақ тілді жастар кәсіби мамандықты игеріп, диплом иегері атанса да аталған фирмаларға жаппай сіңісіп кете алмай жатыр. Осы бір олқылықты реттеу қажет екені айдан анық. Әрине, шетелдіктердің жергілікті ұлт өкілдерінің мамандық деңгейіне деген көзқарасы әр түрлі болуы мүмкін, десе де, жастарды жаңа технологияларға тәрбиелеу тез арада шешім қабылдауды талап ететін мәселе.
Жалпы азаматтық қоғамымыздың жаңа технологияларға бетбұрыс мәселесіне, жоғарыда айтылған “сандық теңсіздік” ұғымы тұрғысынан келсек, оны айқындай түсеміз. Ауылдар мен шағын қалалар мектептерінің техникалық жабдықталуының нашарлығы, жалпы технократтық мәдениеттің жетіспеушілігі, ана тіліміздегі жаңа технологиялар саласындағы кітаптардың мардымсыз саны т.т., қазақ тілді жігіттер мен қыздардың компьютерлік мамандықтарда жетіспеушілігін әрі түсініспеушілігін туындатты.
Жекелеген экономика салаларында да ақпараттық технологияларды пайдалану деңгейі ой қозғарлық жәйт екені түсінікті. Туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында жаңа технологияларды дамыған елдердегідей бәсекеге қабілеттілікті арттыратын құрал ретінде неге пайдаланбасқа?
Ал, енді жағдайды түзеу үшін не істеу қажет деген заңды сұрақ туады. Оған жауап ретінде әлемдік озық тәжірибелер негізінде тиісті шараларды жүзеге асыру қажет екенін айтсақ болады. Ал, енді нақтылап келсек, елімізде ұлттық ақпараттық технологиялық дамуды жолға қою үшін әр түрлі салада тез арада шешуді талап ететін мынадай мәселелер бар. Біріншіден, жаңа технологияларға негізделген мәдениетті дамыту. Ол үшін қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдеби кітаптардың электрондық нұсқаларын жасауды жеделдетіп, оларды арнайы сайттарда орналастыру. Тез арада Rambler, Google, Yahoo секілді әйгілі интернет порталдарды қазақ тілінде ұйымдастыру. Үлкендер мен балаларға арналған энциклопедиялық сайтты (Wіkіpedya сияқты) мемлекеттік тілде жасау да кезек күттірмейтін іс. Мемлекеттік телеарналардың бірінде АТ тақырыбын қамтитын кең аудиторияға арналған хабарларды ұйымдастыру. Азаматтық қоғамның “электронды үкімет” бағдарламасына тікелей қатынасуын арттыратын шараларды жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалуы тиіс.
Екіншіден, жаңа технологиялар негізі болатын жаратылыстану ғылымдарының маңызын арттыру. Бұл орайда түрлі сатылардағы оқыту мекемелерінің қолданбалы математика, экспериментті физика ж.б. пәндеріне арналған оқу-әдістемелік базаларын жетілдіру керек.
Қолданбалы математика мен математикалық экономиканы ақпараттық технологиялар жетістіктерін пайдалана отырып оқытатын жаңа әдістемелер енгізу. Тез дамып келе жатқан бағдарламалық әдістерін меңгеруге арналған жаңа кәсіптер енгізу мақсатында техникалық мамандықтар тізімін жоғары жылдамдықта есептегіш инженер, сервиске бағытталған архитектура құрастырушысы мамандықтарымен толықтыру.
Үшіншіден, құрылыс ісін ақпараттық технологиялар арқылы дамыту. Бұл тұрғыда нысандар салушылар арасында бәсекелестікті арттыру мақсатында ұлттық “интеллектуалды үй” стандарттарын енгізу маңызды. Риэлторлық рынокты автоматтандыру (жылжымайтын мүліктің орталық интернет порталын құру) өте қажет.
Төртіншіден, көлік инфрақұрылымын дамыту, оны осы заманға сай жүк және жолаушылар тасымалдауды басқаруға арналған отандық ақпараттық жүйе, тасымал-логистикалық орталықтардың жұмысын реттеуге арналған жаңа ақпараттық жүйе жасау арқылы жүзеге асыруға болады.
Бірінші, туризмді дамыту. Ол үшін Гео-ақпараттық жүйе (ГАЖ) негізінде жасалынған отандық анықтамалық-іздестіру порталын дамыту қажет.
Бұл айтылған бағыттар тек бір қарағанда ғана көзге түсер мәселелер. Шындығында, жаңа технологияларға ұлттық нақыш беру туралы шағын бір мақалада толықтай ойды тиянақтау да мүмкін емес. Көкейкесті сұрақтарды шешу үшін арнайы инвестициялық саясат керек екені әбден түсінікті. Оның алдында арнайы семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, онда осы саладағы алдыңғы қатарлы АТ-ұжымдар мен жекелеген азаматтар негізгі тақырыптық жоспарды бекіту қажеттігі де кезек күттірмейтін мәселе. Келесі қадам — арнаулы мемлекеттік үйлестіруші кеңес құрып, инвесторларды тарту мәселесін шешуді жеделдету. Уақыт та, технология да қарыштап дамып бара жатқан мына заманда көштен қалмау мәселесін қарапайым азаматтан қолында билігі бар шенеунікке дейінгілері бей-жәй қалдырмаса екен деген тілек бар.
Астана.
Авторы: Амандос СҰРАНШИЕВ, физика-математика ғылымдарының кандидаты.